Батыс Қазақстан облыстық Көп бейінді балалар ауруханасы 1997 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен алғаш 65 төсек-орынға арналған балалар хирургиясы бөлімі болып ашылса, оның 20-сы лор бөлімінің науқастарына арналған еді.
Сол жылдары Батыс Қазақстан Облыстық балалар ауруханасының басшысы болған Қ.Ирменов, бөлім меңгерушісі қызметін атқарған дәрігер-хирург В.Харькин, дәрігер травматолог-ортопед М.Жумабаев, дәрігер-хирург А.Гехман, хирург-интерн А.Төлегенов, лор дәрігерлер Т.Нұрышев пен Ж.Айбатуллин, дәрігер анестезиолог-реаниматологтер Е.Тоқсанов, Н.Ким, Ж.Иманғалиев және алғашқы операциялық мейірбикелер Н.Бондаренко, Н.Живогляд секілді мамандар бүлдіршіндердің денсаулығын сақтауда аянбай еңбек еткен. Бастамасында жоспарлы хирургиялық көмек көрсетілген. 1998 жылы травмпункт ашылғаннан кейін, облыс балаларына тәулік бойы шұғыл көмек көрсетіле бастаған. Кейін балалар урологі Р.Ажғалиев, балалар хирургі С.Борамбаева және Г.Еляевалар жұмысқа алынды. Облыстың дәрігер-хирургтері Ю. Хван, Н. Клименко, С. Жидебаев, С.Хайрекешевтер облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің қызметіне өзіндік үлестерін қосты.
Дәрігерлер мен мейірбикелердің барлығында дерлік жоғарғы және бірінші санаттары бар. Олардың алтын қолдарының арқасында мыңдаған пациенттер оңалып, ондаған, жүздеген балалардың өмірі аман сақталып қалды. Ұстаздар мен жаңадан қабылданған жас мамандар арасында ұрпақтар сабақтастығы жалғасып та келеді. Қазіргі кезде хирургия және травматология бөлімінде болашағынан үлкен үміт күттіретін жас мамандар жұмыс жасайды.
Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып, қолданысқа берілген Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы қазір мамандандырылған, заманауи құрал-жабдықтармен (лапараскопиялық баған, «ЭРБА» электрхирургиялық қондырғысы, жаңа туылған нәрестелерге арналған ота жасау үстелі, атравматикалық тігуге арналған материалы және қуатты ота жасау залдары) толық қамтамасыз етілген медициналық ұйым болып табылады. Көп бейінді облыстық балалар ауруханасының тәжірибелі дәрігер-хирургтері жаңа туылған нәрестелер хирургиясы, балалар урологиясы, травматология-ортопедиясы бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Ота жасаудың жаңа әдіс-тәсілдері (эндоскопиялық) енгізіліп қолданылуда, комбустиологияда еркін кесінділі аутодермопластика жасалады, травматологияда балалардағы Бейккер сарысулы ісігін пункциялық емдеудің жаңа тәсілі арқылы емдейді. Дәрігерлер «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда, сондай-ақ Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында оқытылуда.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру